Фото: Pexels.com
Щучинск қаласындағы «Центр плова» кафесінде болған жарылыстан зардап шеккен сегіз адамның жағдайы ауыр деп бағалануда, деп хабарлайды Ult.kz.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермектің айтуынша, науқастар түрлі медициналық мекемелерде ем қабылдап жатыр.
Оның мәліметінше, Щучинск аудандық ауруханасында жағдайы ауыр төрт пациент жатыр. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасарымен бірге көпсалалы облыстық ауруханадағы науқастардың жағдайы тексерілген. Ондағы зардап шеккендердің жағдайы да ауыр, бірақ тұрақты.
Бурабайдағы медициналық мекемеде төрт пациент жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Олардың екеуінің жағдайы аса ауыр деп бағалануда.
Бес зардап шеккен адам санитарлық авиация арқылы Астанаға жеткізілді. Тағы сегіз адам амбулаториялық ем алып жатыр.
Денсаулық сақтау басқармасы 1 наурыздағы жағдай бойынша зардап шеккендерге қажетті донорлық қан қоры жеткілікті екенін хабарлады.
Айта кетейік, Щучинск қаласындағы дәмханада жарылыс болып, 7 адам қаза тапқан еді.
