08 қаз, 2020 сағат 08:38

Сенатор ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту мәселесін көтерді

Сенат отырысында Әли Бектаев Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдады. Өз сауалында сенатор «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру кезіндегі өзекті проблемаларға назар аударды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Депутаттың айтуынша, жобаға енгізілген тіректі және спутниктік елді мекендерді іріктеу қағидалары түсініксіз. Бүгінде бұл тізімге 3561 елді мекен енгізілген. Олар негізінен аудан орталықтары мен олардың айналасындағы ауылдар. Ал шалғайдағы елді мекендердің қамтылуы нашар.

«Ең сорақысы, «Ауыл – ел бесігі» жобасын дайындау барысында тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі ескерілмеген. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгро» акционерлік қоғамының қаржы институттары осы жобадан тыс қалған. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 2019 жылы 448 миллиард теңге бөлінді. Оның 1,6 миллиард теңгесі ғана ауылдарда тұрақты жұмыс орындарын ашуға арналған 22 жобаға жұмсалған. Ал 2020 жылы ауылдық жерлерде ашылатын 20 мың жұмыс орнының тек 800-і тұрақты болмақ. Бұл орта есеппен әр төрт елді мекенде бір ғана тұрақты жұмыс орны құрылады деген сөз», – деген Ә.Бектаев осы бағыттағы инвестициялық жобалардың әлеуметтік тиімділігі төмен екенін жеткізді.

Сенатордың сөзіне қарағанда, бұл жұмыстар «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Еңбек», «Бизнестің жол картасы-2025» сияқты мемлекеттік бағдарламалармен үйлестірілмеген. Сондай-ақ, ауылдардың инфрақұрылымдық проблемаларын түбегейлі шешуге арналған бастамалар жүйелі жоспарланбаған. Осыған орай сенатор өзін толғандырған бірқатар маңызды мәселелерге тоқталып өтті.

«Жобаны дайындап, іске асырар алдында ауылдық елді мекендердің өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкестігін зерттейтін, жергілікті тұрғындардың өмір сүру деңгейін анықтайтын кешенді жұмыстар жүргізілді ме? Осы жобаға енгізілген әлеуеті бар 1173 тіректі, 2388 спутниктік елді мекен қандай критерийлермен анықталды?», – делінген депутаттық сауалда.

Сонымен қатар Ә. Бектаев Үкімет басшысынан аталған жобаны ұлттық бағдарлама ретінде қайта қабылдауға және ауылдық аумақтарды дамыту саясатына жауапты ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігін қайта бекітуге қатысты пікір білдіруін сұраған.