ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сергей Ершов Президент жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жаңа жағдайларға бейімделе отырып, елдің әлеуметтік, экономикалық дамуының негізгі бағдарларын айқындаған құжат болды. Басты нысандардың бірі – короновирус пандемиясы, оған қоса энергия қоры бағасының төмендеуі салдарынан туындаған дағдарыс жағдайында бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру. Президенттің негізгі бастамаларының бірі – мемлекеттік аппаратты реформалау. Яғни, екі жыл көлемінде мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор өкілдерінің жалпы санын 25%-ға қысқарту қарастырылып отыр», - деді сенатор.
Оның айтуынша, Жолдауда өңірлерлің дамуына ерекше көңіл бөлінген. «Тоқаевтың «Мықты аймақ - мықты ел» атты формуласы өңірлердегі өзін өзі басқару жүйесін жетілдіріп, кеңейте түсу қажеттігін дәлелдейді. Өкілетті орган ретінде жергілікті өзін өзі басқару жүйесін дамытуға арналған жаңа концепция қабылдап, жұмысқа қосуда жергілікті маслихаттардың роліне айрықша көңіл бөлінген. Сонымен қатар, мәслихат депутаттарының жұмысы мен отырыстары тікелей эфирде трансляциялана отырып, ашық түрде жүруі керек. Мәслихат міндеттеріне аймақ дамуының күн тәртібінде тұрған негізгі мәселелерге қатысты қол жинап, петиция жасақтау мүмкіндіктерін қосу жоспарда бар. Бұл қадам мәслихат депутаттарының жергілікті бюджет шығындарын бақылап, олардың аймақ көлеміндегі мәселелерді шешуде белсенділігін арттыруға жол ашады. Моноқалалар үшін жаңа мүмкіндіктер қарастырылған. Мұндай елді мекендердің дамуы үшін қаладағы негізгі кәсіпорындар көмекке тартылмақ. Өндірістік потенциалы жоғары аймақтар жаңа IT-технологияларды тартатын негізгі орталықтарға айналу керек. Мысал ретінде, ірі өндірістік кәсіпорындар орналасқан Қарағанды облысы келтірілген. Менің ойымша, Президент пен Үкіметтің қолдауы аймақтағы жоғары технологиялы білім кластерінің дамуына ықпал етеді», - деп толықтырды депутат.
Сергей Ершов Жолдаудың негізгі тақырыбы ұлттық экономика мен елдің әлеуметтік бейімділігіне бағытталғанын жеткізді.
«Бұл бағыттар үшін шағын және орта бизнесті дамыту, әлеуметтік стандарттар платформасының кеңейтілуі және Әлеуметтік кодексті дайындау секілді жаңа мүмкіндіктер қарастырылып жатыр.
Төтенше жағдай ережелерінен шағын және орта бизнес өкілдері қиындықтарға тап болды. Осы ретте бизнестің дамуына жаңа мүмкіндіктерді қарастыра отырып, салық туралы заң кешенді түрде қайта қаралмақ. Отандық кәсіпкерлер ұлттық экономиканың қозғаушы күшіне айналу керек. Сол үшін отандық бизнестің ішкі және сыртқы нарыққа шығуға арналған тиімді механизмдерін қарастыру маңызды. Сондай-ақ, сапалы экологиялық заңнаманы жасақтау негізгі тапсырмалар қатарында», - деді ол.
