20 нау, 2022 сағат 15:01

Сенаторлар техникалық білім беретін оқу орындарын аралады


Алматы энергетика және байланыс университетінің студенті Алмас Жүсіп бүгінгі таңда аталған оқу орнының үшінші курсында білім алып жүр. Ол оқушы кезінен робототехникаға қызығып, өзі білім алған Назарбаев мектебінде робот құрастырумен айналысқан, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Сол арманын орындау үшін ол техникалық саланы таңдап, бүгінгі таңда энергетика және байланыс университетінің үздік студенттерінің қатарында.

«Мен қазір робототехникамен айналысқаныма төрт-бес жыл болды. Оқушы кезімде бастаған бұл ойым, бүгінгі таңда үлкен салаға қарай жетелеп келе жатқанына күмәнім жоқ. Біз бастаған уақытта бұл сала енді бастау алып жатқандықтан, ол кезде толығымен айналысуға мүмкіндік бола қоймады. Ал бүгінде робототехника балабақшадан бастап, мектеп, колледж, университеттерде де қарқынды дамып, терең белең алды», – дейді Алматы энергетика және байланыс университетінің студенті Алмас Жүсіп.

Еліміздегі техникалық білім беру сапасын арттыру: энергетика, робототехника және аспап жасауды инновациялық дамыту – Президент тапсырмаларының бірі болып отыр. Сенаторлар сала сарапшыларымен кездесу барысында ол тапсырмалардың қалай жүзеге асатыны, сондай-ақ жоғары білімді мамандарды тәрбиелеу үшін одан әрі қандай қадамдар жасау қажеттігін талқылады.  Осы орайда,  Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нөкетаева, Сұлтанбек Мәкежанов, Нұртөре Жүсіп және Дана Нұржігітова Алматыға сапары аясында Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің студенттерімен және оқытушыларымен кездесті.

«Бүгінгі кездесудің маңызы – техникалық білім берудің маңызы мен техникалық мамандықтардың қажеттігін көрсететін қайырлы кеш болып отыр. Бүгінгі таңда көптеген жастар гуманитарлық саланы таңдайтындықтан соңғы он жылдықта техникалық мамандықтарға сұраныс кеміп, мамандар жетіспеушілігі туындағаны жасырын емес. Сондықтан да біз сіздерді, техникалық саланы таңдаған жастарды құрметтейміз. Еліміздің болашағы, экономикасы мына сіздерге тікелей байланысты», – деді Сенатының депутат Сұлтанбек Мәкежанов.

Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысының таяудағы Жолдауында жария етілген реформаларды жан-жақты талқылады. Сенаторлар сондай-ақ университеттің ғылыми жобаларымен, материалдық-техникалық базасымен танысты.

Айта кетейік, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті — энергетика, телекоммуникация, IT-технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік, ғарыштық инженерия, робототехника және жасанды интеллект салаларында кадрлар даярлауды жүзеге асыратын Орталық Азиядағы жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі. Аталған оқу орны коммерциялық емес ұйым мәртебесі бар алғашқы мемлекеттік емес техникалық университет. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. 2013 жылдан бастап «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» және «Электр энергетикасы» сияқты екі мамандығы ағылшын тілінде оқытыла бастады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нөкетаева, Сұлтанбек Мәкежанов, Нұртөре Жүсіп және Дана Нұржігітова Алматыға сапары аясында Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің студенттерімен және оқытушыларымен кездесіп, Мемлекет басшысының таяудағы Жолдауында жария етілген реформаларды жан-жақты талқылады. Сенаторлар сондай-ақ университеттің ғылыми жобаларымен, материалдық-техникалық базасымен танысты.