29 там, 2016 сағат 08:53

Шалқар әкімі мен кәсіпкерлер Бердібек Сапарбаевты алдап соқты (Фото, Видео)

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Шалқар ауданына жұмыс сапарымен шығып, ел жайымен танысты. Іссапар кезінде Шалқар қаласындағы «Болашақ» бақшасы ашылды. Ал бұл балабақшаның лентасы осыдан 2 жыл бұрын қиылып, кілт тапсыру рәсімі де өткен. Тіпті, республикалық, жергілікті БАҚ арқылы жаңалық та берілді. Bnews.kz тілшісі өңір басшысының жұмыс сапарындағы бірқатар көзбояушылықтар мен асыра сілтеуші шенеуніктердің әрекетін әшкере етті.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Бершүгірдегі қиыршық тас өндіру зауытының жаңа желісін ашты. Мұнда таң қылаң бере ағаш үй тігіліп, арнайы сахна дайындалды. Ал жұмысшылар мен сценарий авторлары бірнеше мәрте дайындықтарын пысықтап, тіпті, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың образына еніп, халықпен амандасты, қызыл түйінді басып, зауытты іске қосуға рұқсат берді.

Өңір басшысының сапарына қуанған жұмысшылар болса бірнеше ай бойы 13 мың теңге жалақы алып жүргенін, кейбірі қысқарып қалғанын жеткізудің жолын іздеді. Алғашында ешкім бата алмады. Өңір басшысы «сұрақтарыңыз бар ма, қазір кетіп қаламын, кейін өкініп жүрмеңіздер» деп қайта сұрағанда алда тұрған жұмысшылар емес, зейнеткерлер балаларының жұмысындағы қиындықтар туралы айтып берді.

 

«Балаларымыз қиыршық тас зауытында жұмыс істейді. Шынын айтқанда, 2015 жылдан бері жұмысшылар дұрыс жалақы алған емес. Қазір «Тұмар», «Темір жол жөндеу» серіктестіктері болып екіге бөлінді. Жұмысшылар қысқарып жатыр. Менің балам 13 мың айлық алады. Оның бала-шағасын зейнеткер – мен асырап отырмын»,- дейді зейнеткер Роза Абжапарова.

 

Ал Қуаныш Сандығұл – зауытта қысқартуға тап болған жұмысшылардың бірі. Ол зауыт құрылысына қатысқан, ұзақ жылдар бойы машинист-конвейер болып еңбек еткен. Кәсіпорын басшылары арыз-шағымды тыңдаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаевты алдағы уақытта мекеме кеңейіп, жаңа жұмыс орындары ашылады деп сендірді.

 

Кейін Бердібек Сапарбаев Шалқар қаласына барды. Бір қызығы, ерекше дайындалып, өзгелерден асып түсуді мақсат еткен шалқарлықтар 7 бірдей ақ түсті «Джип» көлігін дайындап, басшыларды күтіп алды. Ал өңір басшысының жұмыс сапары мен жаңа нысандардың ашылуын, халықтың жайы туралы ел ішін хабардар ететін тілшілер «Жигули», «УАЗик» көліктеріне мініп, жүйткіген шетелдік көліктерге ілесуіне туралы келді. Кей нысандарға барар жолда адасып, таныстырылымға кешігіп қалды.

 

Сорақысы сол – Бердібек Сапарбаевты аудан әкімі Бауыржан Қаниев пен кәсіпкерлер алдап соғып, 2014 жылы лентасы қиылған «Болашақ» балабақшасын екінші рет ашты. Салтанатты жиынға балалар, ата-аналар мен білім бөлімінің мамандары қатысты.

Мына суреттер дәл осы балабақшаның 2 жыл бұрын ашылғанын айғақтайды.

 

 

«Ауданда 558 бала бақша кезегінде тұр. Балаларды жаппай бақшамен қамту мақсатында мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында бір балабақшаның құрылысы басталды, ал «Болашақ» бақшасы 190 балаға арналған. Балабақшада 58 адам жұмыс істейді», - деген аудандық білім бөлімінің басшысы Рита Басмағамбетова бақшаның бұрын ашылғанын растамады.

 

Ал жергілікті, республикалық тілшілер осыдан екі жыл бұрын балабақшаның ашылуына қатысып, сол жылдары облыс әкімі болған Архимед Мұхамбетов «Қазақстан темір жолы» ҰК қолдауымен балабақша пайдалануға берілді» деп ақпарат таратқан еді.