Фото: ҚР ТСМ
Италияда өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы жарыстың қысқа бағдарламасы аяқталып, финалға жолдама алған 24 спортшының есімі анықталды. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоров 92.94 ұпай жинап, аралық есепте 5-орынға жайғасты, деп хабарлайды Ult.kz.
Қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша көш басында америкалық Илья Малинин – 108.16 ұпай. Екінші орында жапониялық Юма Кагияма (103.07), үшінші сатыда франциялық Адам Сяо Хим Фа (102.55) тұр. Ол бұл көрсеткішпен мансабындағы жеке рекордын жаңартты. Төртінші нәтиже италиялық Даниэль Грассльге тиесілі – 93.46 ұпай.
Жүлделер тағдыры шешілетін еркін бағдарлама 13 ақпан күні Астана уақытымен сағат 21:00-де өтеді.
Айта кетейік, Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада жүлдесін алған жалғыз спортшы – Денис Тен. Ол 2014 жылы Сочи Олимпиадасында қола медаль иеленген еді.
