22 ақп, 2023 сағат 14:45

Шекарадан 30 келіден аса героин алып өтпек болған шетелдікке сот үкімі шықты

© AFP 2023 / RIZWAN TABASSUM

Түркістан облысында 30 келіден астам героинді Ресейге тасымалдамақ болған шетелдікке сот үкімі шықты. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Облыстық сот мәліметінше, шетел азаматы 2022 жылдың 22 шілдесінде сағат 18.00 шамасында өзіне тиесілі "Ford Mondeo" автокөлігімен Өзбекстанның "Гишт-куприк" шекара бақылау бекетінен өткен. Содан Қазақстан Республикасының "Жібек-жолы" мемлекеттік шекара бақылау бекетіне келіп тоқтаған.

Қазақстанның Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің шекара бақылау бөлімінің кинолог маманы "Белка" лақап атты қызметтік итпен тәжікстандықтың басқаруындағы көлікті тексерген. Тексеру барысында көліктің астыңғы жағында орналасқан жанар-жағармай багінде жасырылған 63 дана түссіз полиэтилен пакеттерге оралған заттар табылған. Табылған зат 31 килограмм 465,2 грамм героин болып шыққан.

Сотталушыға Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және оқталу/аяқталмаған қылмыс), 286-бабы 4-бөлігі (Айналысы шектелген заттардың контрабандасы) және 297-бабы 3-бөлігі 3-тармағымен (Аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау, өткізу) айып тағылды.

"Тәжікстан азаматы өз кінәсін ішінара мойындап, соттан жеңіл жаза тағайындауын сұрады. Сот үкімімен сотталушы өзіне тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылып, оған түпкілікті 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген хабарламада.

Шетелдік азамат жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтейтін болады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.