08 мау, 2020 сағат 10:18

Шенеуніктер төтенше жағдайды пайдаланып мемлекеттік сатып алу құнын көтеріп жіберген

Төтенше жағдай уақытында мемлекеттік сатып алу бойынша тауар құны шамамен 43 пайызға өскен. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынасары Ербол Өстеміров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Төтенше жағдай режимінде мемлекеттік сатып алудың жаңа тәртібі енгізілді. Тың өзгерістерге сәйкес мерзім қысқарып, әлеуетті тасымалдаушыларға да қойылатын талаптар өзгерді. Бір жағынан бұл дұрыс. Себебі мемлекеттік органдарға ТЖ режимі уақытында тауарлар мен қызметтерді тезірек сатып алуға мүмкіндік береді. Екінші жағынан мерзімнің бұлайша қысқаруы жемқорлық фактілерін туындатады», - деді Ербол Өстеміров агенттіктің Facebook парақшасында берген сұхбатында.

Оның айтуынша, төтенше жағдай уақытында мемлекеттік сатып алу бойынша тауарлардың құны бірден шарықтап кеткен.

«Біздің жүйе көрсетіп отырғандай, төтенше жағдай уақытында тауардың бағасы 43 пайызға өскен. Яғни мемлекеттік органдардың өз пайдасын ойлаған лауазымды қызметкерлері жемқорлық әрекетін жасап, осынау ерекше тәртіпті пайдасына жаратады», - деп атап өтті Ербол Өстеміров.