22 қаң, 2026 сағат 17:05

ШҚО-да 1 млрд теңгелік заңсыз кен өндіру фактісі әшкереленді

Фото: ашық дереккөз

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактісі бойынша тергеп-тексеру жұмыстарын аяқтады, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу барысында Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында орналасқан «Глинковское» кен орнында жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшысының пайдалы қатты қазбаларды заңсыз өндіру мен өткізуді ұйымдастырғаны анықталды. Аталған компанияның лицензиясы тек геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге ғана рұқсат берген.

Алайда, рұқсаттың болмауына қарамастан, күдіктілер темір құрамды тау жынысын өнеркәсіптік көлемде өндіру, қайта өңдеу, жинақтау және оны ішкі нарықта, сондай-ақ Қытай Халық Республикасына өткізу жұмыстарын жүргізген.

Ауыр арнайы техниканың пайдаланылуы қоршаған ортаға елеулі зиян келтіріп, жер бедерінің табиғи қалпының бұзылуына және жердің тозуына әкеп соққан. Заңсыз өндірілген өнімнің жалпы көлемі 70 мың тоннадан асып, қылмыстық табыс 1 млрд теңгеден асқан.

Заңсыз жолмен алынған қаражатқа күдіктілер бизнес-орталық, Алматы қаласындағы пәтер, «Land Rover Range Rover» маркалы автокөлік, екі автотұрақ орны мен екі жер телімін сатып алған. Сот санкциясымен аталған мүліктерге тыйым салынды.

Айта кетейік, бұған дейін департамент Ұлан және Самар аудандарында алтынды заңсыз өндірумен айналысқан екі қылмыстық топтың қызметін тоқтатқан болатын. Бұл заңсыз әрекеттер орман алқаптарының жойылуына, өзен арналарының өзгеруіне және топырақтың құнарлы қабатының бүлінуіне себеп болған.

Заңсыз кен өндірудің жолын кесу өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, табиғи ортаның одан әрі бүлінуінің алдын алуға мүмкіндік берді.