30 қаң, 2026 сағат 11:25

ШҚО-да екі бірдей жоғары лауазымды басшы жемқорлық күдігімен ұсталды

Фото: ашық дереккөз

Шығыс Қазақстан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы пара алды және лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Ult.kz.

ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің мәліметінше, тергеу барысында басшы жол құрылыс компаниялары мен автобус парктерінің өкілдерінен жалпы сомасы 134 миллион теңге көлемінде заңсыз сыйақы алғаны анықталған.

Тінту кезінде күдіктінің тұрғын үйінен 121,9 миллион теңге және 97,7 мың АҚШ доллары тәркіленді.

Сонымен қатар аталған өңірдегі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысына қатысты да қылмыстық іс қозғалған. Ол мұғалімдердің мемлекеттік аттестаттаудан өтуіне жәрдемдесу үшін жүйелі түрде ақшалай қаражат алып отырған деген күдікке ілінді.

Сот санкциясымен аталған тұлғалар қамауға алынды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.