Фото: ашық дереккөз
Шығыс Қазақстан облысында синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан жасырын зертхананың қызметі әшкереленіп, толықтай жойылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 26 және 22 жастағы екі күдікті шалғай ауылдардың бірінен үй жалдап, сол жерде есірткі өндірісін жолға қойған. Қылмыстық схема мұқият ұйымдастырылып, жасырын түрде жүргізілген.
Polisia.kz хабарлауынша, жедел-іздестіру шаралары мен тінту барысында ірі көлемдегі айғақ заттар тәркіленді.
Атап айтқанда, зертханалық құрылғылар, 70 келі дайын синтетикалық «Альфа-PVP» есірткісі, сондай-ақ шамамен 4 тонна химиялық реагенттер мен прекурсорлар заңсыз айналымнан алынған.
Тергеу барысында қылмыстық әрекеттің интернеттің көлеңкелі сегменті арқылы қашықтан басқарылғаны анықталды. Соның нәтижесінде шамамен 250 мың бір реттік доза заңсыз нарыққа түспей, дер кезінде тоқтатылған. Бұл жүздеген адамның өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға мүмкіндік бергені атап өтілді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-1-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілерге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Есірткі қылмысына қарсы күрес Ішкі істер органдарының басым бағыттарының бірі ретінде жалғасып, мұндай заңсыз әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылатыны айтылды.
