27 сәу, 2026 сағат 11:10

Шымкентте халықаралық онлайн-казино әшкереленді


Фото: gov.kz


Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды Ult.kz.


Тергеу деректеріне сәйкес, қала тұрғыны мобильді қосымша арқылы жұмыс істейтін жасырын интернет-казино құрып, оның бүкіл қызметін үйлестіріп отырған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін «Техас холдем» форматындағы покер ойынына арналған қосымша пайдаланылған. Сол арқылы «Vendetta» және «AMG600L» атты виртуалды клубтар ашылып, кейін олар «Nomad» деп аталатын бірыңғай желіге біріктірілген.


Заңсыз ойын алаңдары тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп, тек Қазақстан емес, көрші Өзбекстан мен Қырғызстаннан да ойыншыларды тартқан. Клиент санын арттыру мақсатында мессенджерлер арқылы мақсатты жарнамалар жіберіліп, түрлі бонус пен ынталандыру жүйелері қолданылған.


Ойыншылар өз шоттарын банк аударымдары арқылы толықтырып, арнайы «фишкалар» алған. Ал ұтысқа ие болған жағдайда қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, пайдаланушылардың банк карталарына аударылып отырған.


Ұйымдастырушылардың негізгі табысы әр ойын үстелінен алынатын 3–5 пайыз көлеміндегі комиссиядан (рейк) құралған. Бұдан бөлек, ойыншыларды тәуелді ету үшін оларға виртуалды қаражатты қарызға беру тәжірибесі де енгізілген.


Қаржы ізін жасыру үшін «дропперлердің», соның ішінде шетел азаматтарының банк шоттары пайдаланылған. Әр есепшот үшін оларға 100–200 мың теңге көлемінде сыйақы төленіп отырған. Жалпы ақша айналымы 557 млн теңгеден асқаны анықталды.


Тінту барысында ұйымдастырушының үйінен есірткі заты табылып, тәркіленді. Қазіргі таңда екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, қылмыстық іс сотқа жолданды.


Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкентте психотроптық заттармен ұсталған күдікті де қамауға алынған болатын.