
Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстары ғылымды қажетсінетін өндіріс орталықтарына айнала алады. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еліміздің аумақтық және кеңістік дамуы әдістерін айтарлықтай қайта құрылымдау қажет. Өңірлеріміз экономикалық және өндірістік ерекшеліктер, мемлекеттік қызметтер сапасы мен өңір деңгейі бойынша өзгелешенеді. Сондықтан аумақтық дамуды әртүрлі өңірлердің бәсекелестік басымдығын ескере отырып қалыптастырған жөн. Елдің оңтүстігінің, оңтүстік-шығысының өнеркәсіп әлеуетін белсенді түрде ашу қажет. Бұл жерлерде мемлекеттік еңбек ресурстарының жартысы шоғырланған. Сапалы жұмыс орындары аталған өңірлерді дамыту үшін барынша маңызды. Өңірлерде дәстүрлі аграрлық секторды қолдаумен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін,терең өңдеуге, тоқыма өнеркәсібіне, құрылыс материалдары өндірісіне назар аудар керек», - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президентінің атап өтуінше, индустриаландыру әлеуметтік мәселелерді шешу және табыс деңгейін арттыру үшін ғана керек емес. Ол азаматтардың жаңа менталдылығын қалыптастырып, оларды жаңа әлемге бейімдейді. Ал бұл ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің факторы саналады.
«Ірі металлургиялық кәсіпорындар жұмыс істеп тұрған өңірлерді дамытуда жаңа көзқарас талап етіледі. Бұл - бірінші кезекте Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстары. Бұл өңірлер жоғары технологиялық, ғылымды қажетсінетін өндіріс, техникалық қызмет көрсету орталықтарына айнала алады. Қазақстанның батыс өңірлері мұнай-газ кешені құрылысына инвестиция тартудың, жоғары шекті жаңа өндіріс циклдарын құрудың орталығына айналуы тиіс. Біздің моноқалалардың екінші тынысын ашу маңызды. Бұл жерде қала құраушы кәсіпорындарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл міндет олардың белсенді қатысуынсыз орындалмайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
