03 қар, 2022 сағат 16:02

Шымкентте балабақша меңгерушісі 19 миллион теңге жымқырған


Шымкентте балабақша меңгерушісі 19,3 миллион теңгені жымқырған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚМА мәліметінше, Шымкенттегі балабақша меңгерушісі балалардың сабаққа қатысу есебіне жалған мәлімет енгізген.

"Заңсыз әрекет 2019 жылдан 2021 жылға дейін 3 жыл бойы жүргізілді. Ол "Балапан" бағдарламасы бойынша мектепке дейінгі білім беруді жан басына шаққандағы қаржыландыруға бөлінген 19,3 миллион теңге бюджет қаражатын заңсыз жымқырған", - делінген хабарламада.

ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті үш балабақша меңгерушісі болып қызмет еткен азаматшаға қатысты соталды тергеуді аяқтады. Ол кінәлі деп танылып, 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілген, мемлекетке келтірілген 19,3 миллион теңге залал толығымен өтелгені айтылды.