21 ақп, 2023 сағат 19:13

Шымкенттегі атыс: күдіктінің үстінен үш бап бойынша қылмыстық іс қозғалды


Шымкент полиция департаменті кеше қалада болған атыстың егжей-тегжейін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.

"20 ақпанда сағат 14:40-та Шымкент полиция департаменті Тұран аудандық полиция басқармасына Рысқұлбеков көшесінде орналасқан қару-жарақ дүкеніне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы 1973 жылы туған Өзбекстан Республикасының азаматы аңшылық мылтық сатып алушы кейпінде дүкенге кіргенін анықтады. Әрі қарай сатушыны өзінің қаруымен қорқытып, оған "Сайга" маркалы мылтықты бірнеше патронымен қоса беруге мәжбүр етті. Ер азамат "дабыл қоңырауы" арқылы келген күзет агенттігі қызметкерлерінің экипажын байқап, оларға өз қаруымен оқ атқаннан кейін, екі жақ тараптан атыс басталды. Салдарынан күзет агенттігінің қызметкері қолынан жарақат алып, екінші күзетшіге оқ бронежилетіне тиген", - делінген хабарламада.

Күдіктіні полиция қызметкерлері бірден ұстаған.

Шымкент полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл іс сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 192-баптың 2-бөлімі "Қарақшылық", 24-баптың 3-бөлімі, 99-баптың 2-бөлімі "Адам өлтіруге оқталу" және 287-баптың 3-бөлімі "Атыс қаруын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бойынша тіркелгенін хабарлады.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.