22 қаң, 2026 сағат 13:18

Шымкенттегі студент қыздың өлімінен кейін полицейлерге қатысты іс қозғалды

Фото: ашық дереккөз

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов қызметтік салғырттыққа жол берген бірқатар полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істер қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Мемлекет басшысы 20 қаңтарда Шымкент қаласындағы қайғылы оқиғаға байланысты жергілікті полицияның әрекетіне тексеру жүргізуді тапсырған болатын. Себебі марқұм бойжеткен өзіне қатысты аңду фактілері туралы арызданғанымен, құқық қорғау органдары тиісті шара қолданбаған. Соның салдарынан қылмыс қайғылы аяқталды.

Президенттің тапсырмасынан кейін сол күні жергілікті полиция басшысы мен оның орынбасары қызметінен босатылды. Ал 22 ақпанда Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов салғырттық танытқан қатардағы полицейлерге қатысты қылмыстық істердің тіркелгенін хабарлады.

Еске салайық, 11 қаңтар күні кешкі уақытта Шымкент қаласындағы Төлеметов көшесінде 21 жастағы Нұрай Серікбай пышақ жарақаттарынан қаза тапқан еді. Қайғылы жағдай бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кадрлардан қыздың қашып құтылуға тырысқаны, шабуылдаушыға қарсылық көрсеткені, алайда күдіктінің оны ұрып-соғып, бірнеше рет пышақтап, кейін оқиға орнынан қашып кеткені анық көрінеді. Ресми емес мәліметке сәйкес, марқұм 11 рет пышақ жарақатын алған.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыс жасады деген күдікпен 28 жастағы Шерхан Аймахан ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Күдікті шабуылдан кейін көлігімен қашып кеткені белгілі болды.

Оқи отырыңыз: Қыз алып қашу «дәстүр» емес, қылмыс