20 мау, 2020 сағат 20:00

Сізбен жақын достық қарым-қатынасты ерекше бағалаймын – ҚХР Төрағасы Елбасына

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинь Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына телеграмма жолдады. "Ұлт ақпарат" бұл туралы ҚР Тұңғыш Президентінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирус жұқтыруына байланысты алаңдаушылық білдірді.

«Коронавирус инфекциясы өрши бастаған сәттен Қытай мен Қазақстан эпидемияға қарсы жемісті ынтымақтастық жүргізіп келеді. Бұл Қытай-Қазақстан қатынастарының мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестігінің жоғары деңгейі мен ерекше сипатын көрсетіп отыр. Сондай-ақ халықаралық қауымдастық үшін пандемияға қарсы бірлесіп әрекет етудің жарқын үлгісіне айналды.

Эпидемияны жеңетінімізге кәміл сенімдімін. Ал екіжақты қатынас бұдан да нәтижелі дами түседі деген ойдамын.

Мен Сізбен қалыптасқан жақын достық қарым-қатынасты ерекше бағалаймын және шын жүректен тезірек сауығып кетуіңізді тілеймін», – делінген жеделхатта.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың COVID-19-ға тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткені бұған дейін хабарланған болатын.

Бүгін Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Тұңғыш Президенттің денсаулығына қатысты алаңдауға негіз жоқ екенін айтты.