11 қыр, 2020 сағат 13:55

Советхан Ғаббасов: Қазір ұлттық идеологияға баса мән беру керек

Ұлттық идеология жасалмай ұлттық мәселелерді шешу мүмкін емес. Профессор, жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы Советхан Ғаббасов отбасы институтын дамыту мәселесіне қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін көтеріліп отырған мәселе бойынша нақты ұсыныстарды айтқым келеді. Ол – қоғамды жөндеп, адамды түзеу үшін идеологияға мән беру керек. Үш жүз жылдық бодандық пен 70 жылдық атеистік қоғамнан өттік. Ұлттық идеология жасалмай ұлттық мәселелерді шешу мүмкін емес. Сондықтан ұлттық идеологияның мазмұнына баса мән беру керек», - деді Советхан Ғаббасов «Отбасы күні» аясында ұлттық тәрбие беру мен отбасы құндылықтарын дамыту мәселелері талқыланған «дөңгелек үстел» барысында. 

Профессордың айтуынша, халықтың байлығы да, тілегі де – ұрпағы. Ұрпақ тәрбиесіне қазір қазақ қана емес, бүкіл әлем халқы баса назар аударып отыр. 

«Адамзатты тән-тәрбиесінен басқа ұрпаққа ештеңе бере алмай тұр. Адамның мәні жанында. Ұлттық идеология жасалмай мемлекет те болмайды. Ұлттық идеологиясыз мемлекет – мұхитта ескексіз жүрген қайық іспеттес. Оның соғылар жері – жағадағы жартас. Міне қазір ұрпағымызбен осы жартасқа соғылып жатқан халықтың біріміз. Сондықтан ең бірінші бүгінгідей жиынның, талқылаудың өткізіліп отырғанына алғыс айтамын», - деген ол ұлттық идеологияның құрылымын қалыптастыруға атсалысуға дайын екенін мәлім етті.