24 қаң, 2023 сағат 12:12

Степногорда банк бөлімшесінің директоры мен кассир 255 млн теңге жымқырған

Көрнекі сурет: NUR.KZ/Петр Карандашов

Степногорск қаласында 255 миллион теңге жымқырған банк бөлімшесінің директоры мен кассир күдікке ілінді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram-арнасына сілтеме жасап.

"2022 жылғы желтоқсанда Степногорск қаласында орналасқан банктердің бірінің филиалдарын жоспарлы тексеру барысында аса ірі мөлшердегі ақшалай қаражаттың жетіспеушілігі анықталды.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды ("Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу") - делінген хабарламада.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, бір-бірімен сөз байласқан айыпталушылар аталған соманы ешбір қылмыстық схемасыз және шоттарды бұрмалаусыз бір ай ішінде кассадан алып шыққан. 

Қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр.