
Алматыда көпқабатты үйдің қабырғасында коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлерінің бейнесі пайда болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің басшысы Әсет Мұқажановтың жазуынша, мурал Құрманғазы Шәріпов көшелері қиылысындағы үйдің қабырғасына салынды.
«Қаламыздың жас суретшілері қауіпті індетпен күресіп жүрген біздің дәрігерлерге арнап мурал салды. Күн сайын медицина қызметкерлері өз бастарын қатерге тігіп, COVID-19-ға қарсы іс-қимылда алдыңғы шепте еңбек етіп жүр. Қауіпті індеттің беті қайтып, өміріміз қалыпты арнаға түскенде, осы муралға қарап, ақ халатты абзал жандарды ризашылықпен еске аламыз. Дәрігерлерге бас иеміз! #AlmatyBirgemiz», - деді Әсет Мұқажанов.
