Фото: Динара Болаттың жеке мұрағатынан
Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы.
Саябақта, табиғат ортасында серуендеу өз алдына терапия саналатынын білетін шығарсыздар. Shinrin-yoku ұғымы, яғни “орманда шомылу” деген мағынаны білдіретін бұл ұғым алғаш 1980 жылдары Жапонияда ресми түрде бастау алып, кейін әлемге forest therapy атауымен кең таралып кетті. Германия, Швейцария, Австрия, Оңтүстік Корея мен Қытай елдерінде орман терапиясы ресми медициналық сауығу құралына енгізілді. Бұл терапияның мақсаты ағаштар арасымен баяу серуендеу, балғын иістерді сезіп, жәндіктер мен құстардың дауысын тыңдап, бояуларға сүйсініп, табиғатты бақылау арқылы серуендеушінің бойындағы шаршауды, мазасыздықты азайту.
Қала тұрғындарында әсіресе жазғы саябақта серуендеу басым. Күн ұзарады. Күннің жарығы көбейіп, көбірек сыртта жүруге мүмкіндік жасайды. Отбасымен, достарымен бірге пикник жасау, ашық ауадағы кездесу, пикниктер себеп болып, саябақ, ормандағы жасыл түс серуендеушілердің көңіл күйін көтереді. Жазғы күн сәулесі D дәрумені иммунитетті көтеріп, қуат сыйлауымен ерекше.
Сол секілді күзгі саябақта серуендеудің өзіндік ерекшелігі, пайдасы бар. Күн ыстық та емес, әлі қатты суық та емес. Ыңғайлы, жылы киініп шыққан адамға күзгі жұмсақ күн сәулесі, салқын, әрі саф таза ауа миды тынышталдырып, шабыт сыйлай түседі. Түрлі түске боялған жапырақтар, жерге құлаған жапырақтар сыбдыры күйзелісті азайтады. Жұмсақ, дымқыл жердің иісі өз алдына ароматерапиядай ғажап әсер сыйлайды.
Сонымен бірге күзгі бақта серуендеуші көктем, жаздың өткенін, жылдың соңы жақындап келе жатқанын саналап, өзіне есеп беріп, жылды әдемі аяқтау үшін бағытын , міндеттерін реттеуге мүмкіндік алады.
Пайым
Дамыған елдер қала тұрғындарының табиғат аясында серуендеп, асықпай жүру, айналасындағы өзгерістерді бақылау топырақтың иісін сезіну, ағаш діңін ұстап көріп, ағашты құшақтау секілді барлық сезім мүшелерін қосу оларға менталдық саулығын жақсартып, иммунтитетін күшейтуде негізгі себеп деп біледі. Еліміздің табиғаты зор. Қала, ауыл айналасы ну орман, өзен, іші толған әдемі саябақ. Жұмыс күндері сәл кідіріп, алдын ала уақыт жоспарлап саябақтарда серуендеуге, демалыс күндері қала сыртына шығып шағын саяхаттар ұйымдастыруға әбден ыңғайлы. Тек пайдасын түсініп, тұрақты жақсы әдетімізге айналдыру керек.
