04 қыр, 2020 сағат 13:27

Табыстың 1% ғылымды дамытуға жұмсау талаптары сақталмауда - PhD докторанты

Биылғы Жолдаудан Мемлекет басшысының елдегі әрбір жайттан хабардар болып отырғанын білуге болады. Мұндай пікірді PhD докторанты Айнұр Тұралықызы білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын қазіргі жаһандық қиын жағдайда сабыр сақтап, пандемияны жеңуге күш салған халыққа алғысымен бастады. Күн-түн демей еңбек еткен дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, еріктілерге, басқа да азаматтарға рахметін айтып, олардың айрықша табандылықтың және зор жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеткендерін жеткізді. Бұдан Мемлекет басшысының әрбір жайттан хабардар болып отырғанын білуге болады», - деді ол. 

Жас ғалымның пайымынша, ел басқару, халықтың көңілінен шығу оңай іс емес екені белгілі. Қарапайым халықтың үнін естіп, әлеуметтік, экономикалық мәселелерді шешуден басқа, шым-шытырық сыртқы істер де жетіп артылады. Көршілес жатқан алып мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатып, елімізде тыныштық пен бейбітшіліктің орнауын қамтамасыз ету әркімнің қолынан келе бермесі анық. 

«Міне, Мемлекет басшысы бұл жолы да бірқатар проблеманы көтеріп, оның шешімін табуға тырысуда. Әсіресе, мен үшін көкейде жүрген нәрсе – «Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау мәселесі алға қойылды. Бұл проблема бүгінгі күннің «жарасына» айналған. Еліміздегі әдемі, ерекше табиғатымен көзге түскен жерлердің қорғаусыз, жан-жануарларымыздың «тепкіге» қалғаны белгілі. Мектептер мен жоғары оқу орындарында экологиялық тәрбие жұмыстары да басталып кеткен болатын. Білім алушылардың экологиялық мәдениет, экологиялық білім және тәрбие деңгейін арттыру үшін үздіксіз білім берудің кешенді моделі енгізілетін болады, деп отыр Білім және ғылым министрлігі де. Тағы бір мәселе – балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау көтерілді. Қоғам өзгеріп, бұрынғы мінез-құлық нормалары құлдырауға ұшырап, жасөспірімдер арасында девиантты мінез-құлық мәселесі өзекті болып отыр. Сондықтан құқығы қорғалмаған, ар-намысы тапталған баланың жүйкесі тозып, мінез-құлқының өзгеріске ұшырайтыны айтпаса да түсінікті. Келеңсіз жайттардың, жат қылықтың алдын алу – мемлекет алдындағы басты мақсат. «Жалпы, бізге әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасы керек», – деп нақтылады Президент. Сөйтіп Үкіметке еліміздің Әлеуметтік кодексін әзірлеу жұмысын бастау тапсырылды», - дейді PhD докторанты.

Сонымен қатар, Айнұр Тұралықызы Жолдауда білім сапасын жетілдіріп, ғылым саласын дамыту мәселесі де тілге тиек етілгенін, әсіресе, ғылымды қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзі – ірі кәсіпорындардың, әсіресе шикізат саласындағы компаниялардың қаражаты екені айтылғанын атап өтеді.

«Тапқан табыстың 1 пайызының ғылым мен технологияны дамытуға жұмсауға тиісті талаптардың сақталмай отырғанын жеткізген Мемлекет басшысы Үкіметке осы қаражатты жинақтау ісін орталықтандыруды және оның бюджет арқылы жалпыұлттық ғылыми басымдыққа сай бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұдан бөлек аймақтағы бизнес өкілдерін жоғары оқу орындарындағы ғылыми қызметін өз қамқорлығына алып, қолдау көрсетуге шақырды. Осы тұста елімізді ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамыту бойынша бағдарламалық құжаттың қажеттілігін де айтып кетті. Ғылыми жұмыстармен айналысып жүрген қызметкерлер үшін бұның оң үрдіс болары анық», - деді ол.