27 қаң, 2023 сағат 14:07

Талдықорғанда экс-шенеунік 300 млн теңге бюджет қаржысын жымқырған

Фото: gov.kz

Алматы облыстық сотында Талдықорған қаласы құрылыс бөлімінің бұрынғы бастығына 300 млн теңгеден астам мемлекеттік қаражатты ұрлағаны үшін жаза тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Облыс прокуратурасымен қабылданған шаралардың нәтижесінде Алматы облыстық сотында «Талдықорған қаласының құрылыс бөлімі» ММ бұрынғы бастығы С. Дәрменовқа қатысты айыптау үкімі шықты.

2021 жылы Талдықорған қалалық сотының шешімімен «МК-Buid-Д» ЖШС басшылары Қ. Меңлібаев, А. Қосмамбетов мемлекеттік қаражатты аса ірі мөлшерде иемденгені үшін кінәлі деп танылып, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ал ақша қаражатын аудару туралы құжаттарға қол қойған «Талдықорған қаласының құрылыс бөлімі» ММ басшысы С. Дәрменов аса ірі мөлшерде залал келтіргені есепке алынбай, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланғаны үшін ғана кінәлі деп танылып, 1 жыл бас бостандығын шектеу жазасына сотты болды. Олардың әрекетінің салдарынан мемлекетке 300 миллион теңгеден астам сомаға аса ірі мөлшерде залал келтірілді», - делінген облыстық прокуратура хабарламасында.

Сондай-ақ облыс прокуратурасының бастамасымен Бас Прокурор Жоғарғы Сотқа кассациялық наразылық енгізіп, ол толық көлемде қанағаттандырылған және С. Дәрменовқа қатысты бастапқы үкімнің күші жойылып, қылмыстық іс облыстық соттың жаңа қарауына жолданған.

Жаңа қарау кезінде Алматы облыстық соты С. Дәрменовты ҚК 28-бабының 5-бөлігі, 189-бөлігі 4-тармағы 2-тармағымен кінәлі деп таныды (сеніп тапсырылған бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлауға жәрдемдесу). Нәтижесінде оның мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығы өмір бойына шектеліп, 9 жылға бас бостандығынан айырылды.