14 қаң, 2026 сағат 11:17

Танымал блогер Қамза Қайсарға халықаралық іздеу жарияланды

Фото: Instagram.com

Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі 1995 жылғы 18 қыркүйекте туған Қазақстан азаматы Қамза Қайсар Бақытжанұлына халықаралық іздеу жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.

Ведомство мәліметінше, сот күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. Ол заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінген.

Тергеу деректеріне сәйкес, Қамза Қ.Б. соңғы бес жыл бойы Instagram әлеуметтік желісінде «qais_arr» атауымен (2,4 млн жазылушы) блогерлік қызмет жүргізіп, сондай-ақ Telegram желісіндегі «Қора энтертейнмэнт» жабық арнасын (368 мың жазылушы) басқарған.

Күдікті жеке аккаунттары арқылы Қазақстан азаматтарын «Pinco» интернет-казиносында тіркелуге және құмар ойындарға қатысуға бағытталған сілтемелерді, бейнематериалдар мен жарнамалық үндеулерді жүйелі түрде жариялап отырған. Сонымен қатар, ойыншыларға бонус беретін жеке промокодты да пайдаланғаны анықталды.

Осы әрекеттер арқылы ол онлайн ойын платформасын жарнамалап, сыйақылар, бонустар мен пайыздық аударымдар түрінде табыс тапқан. Ал заңсыз жолмен алынған кірістерді жасыру мақсатында криптоәмиян қолданған. Тергеу мәліметінше, аталған криптоәмиянға «Pinco» интернет-казиносын ұйымдастырушылардан төлемдер түсіп отырған.

Сот санкциясымен 182 736,741 USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.

Қаржылық мониторинг агенттігі іздеуде жүрген тұлғаның жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат болған жағдайда, құқық қорғау органдарына хабарлауды сұрайды.