23 сәу, 2020 сағат 13:28

Тарауық намазын әр адам өз үйінде оқиды – Алматының бас имамы

Биыл елдегі төтенше жағдайға байланысты Рамазан айында мешітте тарауық намазы оқылмайды, ауызашар дастарханы жайылмайды. Алматы қаласы орталық мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқай брифинг барысында осылай айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бас мүфти Діни басқарманың қарамағындағы ғұламалар кеңесінің шешімімен биыл жамағаттардың және отбасыларының амандығы үшін беретін жылдағы пітір-садақаның мөлшерін жан басына шаққанда 370 теңге деп бекітті. Алайда кейбір азаматтарымыз отбасым үшін көбірек беремін деп ниет етіп жатса одан артық бере беруіне болады», - деді Еркінбек Шоқай.

Сонымен қатар, ол елдегі төтенше жағдайға байланысты жамағаттың мешітке келуіне тыйым салынғанын айтты. 

«Биылғы Рамазан айындағы тарауық намазды әр адам өз үйінде оқиды. Мешітке келуге болмайды. Бұл өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін қажет. Сол сияқты ауызашар дастархандарын да отбасымен бірге өткізген абзал. Биыл Қадір түні 19 мамырдан 20 мамырға қараған түні деп бекітілді. Бүгінгі кеш Рамазаның алғашқы күні болып есептеледі. Осы себепті мұсылман жамағаты бүгін кешке тарауық намазын оқиды. Ниеттеріңіз қабыл болсын», - деді Алматы қаласы орталық мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқай.