15 жел, 2021 сағат 17:12

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның халықаралық резервтері 90 млрд доллардан асты


30 жылда Қазақстанға 370 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауқымды реформалардың арқасында отандық экономиканың көлемі нақты мәнде 2,5 есе ұлғайды. Халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі доллар эквивалентінде 13 еседен астам өсті. Бұл біздің елді Орталық Азияда сөзсіз көшбасшы етті. 

Қазақстанға 370 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш бойынша жан басына шаққанда біз барлық посткеңестік кеңістік пен бірқатар Шығыс Еуропа елдерінен озамыз. Қазақстанның халықаралық резервтері 90 млрд доллардан асады», - деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, еліміз өңірлерді, көлік инфрақұрылымын, әлеуметтік саланы дамытуда елеулі табыстарға қол жеткізіп, соның арқасында 13 мың шақырым автожол мен 2 700 шақырым темір жол салынды және реконструкцияланған.