22 мау, 2021 сағат 22:11

Теннис: Бублик Истбурн турнирін жеңіспен бастады


Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Александр Бублик Истбурн (Ұлыбритания) ATP 250 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бублик алғашқы айналымда негізгі додаға іріктеу сайыстарынан кейін қосылған отандасы, дүниежүзілік рейтингте 106-орында тұрған Михаил Кукушкинмен кездесті. 

Бұған дейін қарсыластар бір-ақ рет шеберлік байқасып, онда Кукушкиннің мерейі үстем болған екен.

Бұл жолы Бублик ойын тізгінін бірден қолына алып, 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Бір сағатқа жуық уақытқа созылған матчта Бублик 18 эйс, 4 брейк жасады. Қарсыласы бір брейкке ғана қол жеткізді.

Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 72-ракеткасы, Беларусь өкілі Егор Герасимовпен таласады.

Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко Уимблдон турнирінің іріктеу сайысында латвиялық Эрнест Гулбистен 3:6, 7:5, 4:6 есебімен жеңіліп қалды.