10 мау, 2021 сағат 13:44

Теннис: Дмитрий Попко Алматы турнирінің ширек финалына өтті


Әлемнің 195-ракеткасы, қазақстандық Дмитрий Попко Алматы челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Осы доданың 6-ракеткасы болып тіркелген Попко екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 338-орында тұрған 19 жастағы румыниялық Филип Жиянумен шеберлік байқасты.

Қазақстандық теннисші бірінші партияны брейкпен бітірді – 7:5.

Попко екінші сетті де брейкпен бастады – 2:0. Ақыры осы басымдылықты сақтап қала алды – 6:3.

Біршама тартысты өткен бәсеке 1 сағат 53 минутқа созылды.

Попко жартылай финалға шығу үшін әлемнің 108-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы, словакиялық Андрей Мартинмен таласады. Қазақстандық спортшы үшін шешуші кездесудің бірі осы болмақ.