
Теннистен жыл сайын Парижде өтетін «Ролан Гаррос» турнирі тағы бір аптаға шегерілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ұлттық олимпиада комитеті мәлім еткеніндей, Франция ашық чемпионаты биылғы 27 қыркүйек пен 11 қазан аралығында өтетін болды.
Ұйымдастырушылар АТР және WTA-мен кеңескеннен кейін осындай шешімге келді. Бұл теннисшілердің тағы бір «Үлкен дулыға» додасы – US Open турнирінен кейін қалпына келулеріне мүмкіндік береді.
Бұдан бұрын жазғанымыздай, «Ролан Гаррос» турнирі күзге қалдырылып, 20 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтетін болған-ды. Олай болған жағдайда бір апта бұрын аяқталатын US Open турнирінен кейін спортшылардың дайындалуына уақыт қалмайтын.
«Ролан Гаррос» – жыл сайын өтетін төрт «Үлкен дулыға» турнирінің бірі. Оған қазақстандық теннисшілер де үнемі қатысып, бақ сынап келеді.
