09 мам, 2022 сағат 14:18

Теннис: Рыбакина әлемдік рейтингіде 17-орынға көтерілді


Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) жаңартылған рейтингіні жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, ел құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде 18-ден 17-орынға көтерілді.

Сондай-ақ Юлия Путинцева 44-тен 40-сатыға жоғарылады. Зарина Дияс 116-дан 134-ке сырғыды.

Жұптық сында Анна Данилина 20-сыншы, Жібек Құламбаева 302-інші, Гөзал Айнитдинова 423-орында тұр.

Бүгін Путинцева Рим WTA 1000 турнирінің алғашқы айналымында әлемнің 85-ракеткасы, словениялық Кайя Йуванмен ойнайды. 

Рыбакина осы додада ертең дүниежүзілік рейтингте 146-орында тұрған ресейлік Элина Аванесянмен шеберлік байқасады.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик әлемдік рейтингіде 33-тен 41-ге төмендеді. Михаил Кукушкин 165-тен 163-ке көтерілді. Дмитрий Попко 182-інші, Тимофей Скатов 193-інші, Денис Евсеев 337-інші, Бейбіт Жукаев 490-сатыда келеді.

Жұптық сында Андрей Голубев 25-інші, Александр Недовесов 60-орында қалса, Григорий Ломакин 249-сатыға жайғасты.

Бублик Рим мастерс жарысында бүгін әлемнің 59-ракеткасы, америкалық Маркос Хиронмен шеберлік байқасады.