11 мам, 2021 сағат 17:10

Теннис: Ярослава Шведова Рим турнирінің екінші айналымына шықты


Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова Рим WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Дүниежүзілік рейтингте 665-орында тұрған Я.Шведова бастапқы кездесуін әлемнің 97-ракеткасы, италиялық Мартина Тревизанмен өткізді.

Бірінші партияда М.Тревизан бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.

Есесіне екінші сетте Я.Шведова тай-брейкте қарсыласының меселін қайырды – 7:6 (7:4). 

Үшінші, шешуші партияда қазақстандық теннисші тағы да тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (8:6).

Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 35 минутқа созылды.

Я.Шведова жүлде қоры 1,8 млн АҚШ долларынан асатын доданың екінші айналымында әлемнің 1-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен шеберлік байқасады.

Жуырда Мадрид жарысының іріктеу сайысында М.Тревизанды Зарина Дияс та ұтқан болатын.