06 сәу, 2026 сағат 09:56

TikTok-та вейп сатып “оңай ақша” таппақ болған: 19 жастағы қыз сот шешімімен көше тазалап жүр


Фото: Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті


Қызылордада әлеуметтік желі арқылы тыйым салынған өнімді сатып, алаяқтық жасаған 19 жастағы тұрғынға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ult.kz.


Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, ол Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған. Қазір ол қалалық пробация қызметінің есебінде.


Тергеу барысында белгілі болғандай, жас қыз TikTok желісінде вейптерді жарнамалап, сатып, тұтынушыларды алдап ақша алған. Ол өз әрекетін “оңай табыс табамын” деген оймен жасағанын айтып, кінәсін мойындап, өкінетінін жеткізген.


Қазіргі уақытта сотталған азамат күніне төрт сағаттан қала көшелерін тазалау және абаттандыру жұмыстарына тартылып жүр.


Ресми деректерге сәйкес, Қызылорда облысында жыл басынан бері қоғамдық жұмысқа тартылған 22 адамның 14-і жазасын толық өтеп, пробация есебінен шығарылған. Қалғандары жазаларын өтеуін жалғастырып жатыр.