05 сәу, 2026 сағат 14:32

Жастарға тұрғын үйді жалға беру бағдарламасы тоқтатылады

Фото: ашық дереккөз

Елімізде жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы тоқтатылатыны белгілі болды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Министрдің айтуынша, аталған бағдарлама Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылып, 10 мыңнан астам жас маманды баспанамен қамтыған. Бағдарлама аясында жастарға тұрғын үй сатып алу құқығынсыз, уақытша және қолжетімді бағамен жалға берілген. Ай сайынғы төлем 5 мыңнан 15 мың теңге аралығында болған.

Бағдарламаның басты мақсаты – жас мамандарға уақытша баспана ұсынып, өз үйін сатып алуға бастапқы жарна жинауға мүмкіндік беру еді. Осы уақыт ішінде тұрғын үй беру мерзімдері өзгергенімен, негізгі қағидат – сатып алу құқығынсыз жалға беру сақталған.

Аида Балаеваның сөзінше, кейбір азаматтардың пәтерді өзінде қалдыруға ниет білдіргені түсінікті. Алайда мұндай шешім заң талаптарына және барлық қатысушылар үшін тең жағдай қағидатына қайшы келеді.

Сонымен қатар мемлекет тарапынан жастарды қолдау жалғасады. Отбасы банкпен бірлесіп 17 өңірде жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар іске қосылып, олардың аясында 12 мыңға жуық жас баспаналы болған. Оның ішінде 1,6 мыңнан астамы осы жалдамалы тұрғын үй бағдарламасының қатысушылары.

Жастар сондай-ақ «Отау», «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» бағдарламалары арқылы да тұрғын үйге қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда мақұлданған өтінімдердің 62%-ы 35 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі.

2026 жылғы 27 наурыздағы бұйрыққа сәйкес, жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру қағидаларының күші жойылып, бағдарлама ресми түрде тоқтатылады.

Министр қазіргі жалға алушылар келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін пәтерде тұра алатынын, ал мерзімі аяқталғандар белгіленген тәртіпке сәйкес әрекет етуі тиіс екенін атап өтті.

Босатылатын тұрғын үй қорын одан әрі пайдалану мәселесін жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй заңнамасына сәйкес шешетін болады.