31 мам, 2019 сағат 07:54

Тоқаев Абайдың мерейтойын атап өту туралы жарлыққа қол қойды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы Мемлекет басшысының қаулысы Үкіметке жеті түрлі тапсырманы жүктейді. Нақтырақ айтсақ:

"1) 2019 жылғы 1 шілдеге дейін 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын (бұдан әрі – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы) дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрсын;

2) 2019 жылғы 1 қазанға дейін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарды бекітсін;

3) Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін кешенді жаңғырту жөнінде қажетті шаралар қабылдасын;

4) 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізсін;

5) Абай Құнанбайұлының еңбектерін кең таралған негізгі шет тілдеріне сапалы аударуды жүзеге асыру, басып шығару және халықаралық ілгерілету жөнінде қажетті шаралар қабылдасын;

6) Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын Біріккен Ұлттардың Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) мен Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) аясында мерекелеуді ұйымдастыру жөніндегі мәселені пысықтасын;

7) осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шаралар қабылдасын" делінген.

Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелді. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысына барған сапарында Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы мемлекеттік деңгейде атап өтілетінін атап өткен болатын.