Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысында сөз сөйлеп, Қазақстан Газа секторындағы ахуалды тұрақтандыруға, оның ішінде медицина мамандары мен әскери бақылаушылар жіберуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Мемлекет басшысы саммитке қатысушыларға ілтипат білдіріп, жиынды ұйымдастырғаны үшін Дональд Трамп-қа алғыс айтты. Оның айтуынша, Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында өткен кездесу жай ғана қарар қабылдайтын алаң емес, нақты әрі прагматикалық қадамдарға негізделген іс-шара.
– Бұл – батыл әрекеттер шешуші рөл атқаратын кезең. Сіздің жаһандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілетуге бағытталған айқын ұстанымыңыз еліміздің Бейбітшілік кеңесіне қосылуына түрткі болды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесін көпжақты күш-жігерді біріктіретін, заман талабына сай ұйым ретінде бағалады. Оның пікірінше, «Жасампаздық арқылы бейбітшілік» тұжырымдамасын жүзеге асыруға нақты мүмкіндік бар.
Президент Қазақстанның Газа секторын қалпына келтіру жұмыстарына халықаралық беделі жоғары компанияларды тарта отырып қатысуға ниетті екенін жеткізді. Ел инфрақұрылымды қайта құруға, тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар және өзге де әлеуметтік нысандар салуға атсалысуға дайын.
Сонымен қатар Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін гуманитарлық көмек көрсетуге әзір. Мемлекет басшысы палестиналық студенттерге қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алу үшін бес жыл ішінде 500-ден астам грант бөлу жоспарланып отырғанын айтты.
– Қазақстан Халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға әзір. Далалық госпиталь құру үшін бір топ медицина маманын, сондай-ақ Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберуге даярмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, еліміз электрондық үкімет саласындағы тәжірибесімен және цифрлық шешімдерімен де бөлісе алады.
Мемлекет басшысы Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы халықаралық бастамаларға белсенді түрде қатыса беретінін атап өтті.
