10 шіл, 2020 сағат 11:10

Тоқаев халықты жұмыспен қамту бойынша Үкімет жұмысын сынады

Үкімет әкімдермен бірлесіп, шұғыл түрде тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге кірісуі керек. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорда баспасөз қызметінің Twitter-дегі парақшасына сілтеме жасап.

«Біз «Жұмыспен қамту жол картасын» қабылдадық. Оны жүзеге асыру үшін 1 трлн теңге қаржы бөлдік. Бірақ жоспарда көрсетілгендей 255 мың емес, 150 мыңға жуық адам ғана жұмысқа орналасты. Жобалардың дені, негізінен, жөндеу жұмыстарына бағытталған», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысының айтуынша, жобалардың 6 пайызында ғана тұрақты жұмыс орны қарастырылған. 

«Оның өзінде мемлекеттік секторларда, яғни мектептер мен ауруханаларда. Мұндай жұмыс мені қатты алаңдатады. Үкімет әкімдермен бірлесіп, шұғыл түрде тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге кірісуі керек», - деді Президент.