Фото: Ақорда
Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік саясатты жетілдіру, жергілікті бюджеттердің тиімділігі және мәслихаттардың рөлін күшейту мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Президент форумның еліміз үшін маңызы ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, жиынға елдің барлық өңірінен келген жергілікті билік өкілдері қатысып отыр. Қазіргі таңда залда миллиондаған қазақстандықтың мүддесін қорғайтын екі мыңға жуық депутат жиналған.
«Сіздер халықпен тығыз жұмыс істеп жүрсіздер. Жұрттың мұң-мұқтажын, талап-тілегін жақсы білесіздер. Сондықтан мен Мемлекет басшысы ретінде сіздер атқарып жатқан жұмысты ұдайы басты назарда ұстаймын», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанда ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын айтып, олардың барлығы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын жеткізді. Оның сөзінше, мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканы және әлеуметтік саланы жаңғырту барысында мәслихаттардың рөлі айрықша.
Президент «Қуатты аймақтар – қуатты ел» қағидаты аясында мәслихаттардың беделі артқанын атап өтті. Соның нәтижесінде өкілді органдар мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызды институттардың біріне айналған.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің қаржылық дербестігін күшейту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылы ауылдық округтердің бюджеті 442 миллиард теңгеден асты, ал оның үштен бірі – елді мекендердің өз табысы. Бүгінде ауылдық округтердің орташа бюджеті 190 миллион теңгеге жеткен.
Президенттің айтуынша, биылдан бастап ауылдық округтер қосымша табыс көздеріне ие болады. Атап айтқанда, кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге, жерасты сулары мен емдік балшықтарды пайдалануға салынатын салықтар жергілікті бюджетке түседі. Сондай-ақ Үкімет заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығының бір бөлігін төртінші деңгейдегі бюджеттерге беру мәселесін пысықтап жатыр.
Бұдан бөлек, аймақтарға жекелеген қызмет түрлеріне арналған лицензиялық алымдар мен экологиялық айыппұлдардан түсетін қаражатты беру мүмкіндігі қарастырылуда. Президенттің айтуынша, мұндай табыс ең алдымен сол өңірдің дамуына жұмсалуы тиіс.
Мемлекет басшысы мәслихаттардың негізгі міндеті – осы қаражаттың тиімді жұмсалуын қатаң бақылау екенін айтты.
Сонымен қатар Президент жергілікті бюджеттерді жоспарлау мен орындау сапасына қатысты сын айтты. Оның сөзінше, қазіргі тәртіп бойынша депутаттарға бюджет бекітілер кезде тек жалпы мәлімет ұсынылады, ал толық түсініктемелер берілмейді. Көп жағдайда бюджет жобасы мәслихаттарға соңғы сәтте жіберіледі.
«Соның салдарынан қаражат халықтың нақты қажеттілігін өтемейтін, тиімсіз жобаларға жұмсалып кететін жағдайлар болады. Ешкімге нақты жауапкершілік жүктелмеген соң, мәселе сұраусыз қалады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған байланысты Президент өкілді органдар бюджетті жоспарлау үдерісіне ең басынан бастап қатысуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен бірге бұл талқылаулар мемлекет пен өңір мүддесіне негізделіп, популизм мен лоббизмге жол бермеуі керек екенін айтты.
Мемлекет басшысы әкімдіктер жанындағы бюджеттік комиссия құрамына тәжірибелі және беделді мәслихат депутаттарын енгізуді ұсынды. Бұл қаржының тиімді жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді.
