Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық падел федерациясының (FIP) президенті Луиджи Карраро мен Premier Padel әлемдік кәсіби турының төрағасы Нассер Бен Ганим Әл-Хелаифиді қабылдады. Кездесуде Қазақстанда падел спортын дамыту перспективалары талқыланды, деп хабарлайды Ult.kz.
Қазір елімізде 1,5 мыңнан астам ойыншыдан тұратын қоғамдастық құрылып, 16 облыста өңірлік федерациялар жұмыс істей бастады. Президент бұқаралық спортты өркендетуге және заманауи спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
Қазақстанда падел ойынына арналған 17 корт бар. 2027 жылы Алматыда халықаралық стандартқа сай келетін, 10 корты бар ADD PADEL ARENA кешені салынбақ. Бұл нысан Орталық Азиядағы ең заманауи спорт орталықтарының бірі болып, Premier Padel деңгейіндегі жарыстар өткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев футболды дамыту жайына тоқталды. Президент елімізде футбол клубтарын жекешелендіру және бәсекелес орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын айтты.
Нассер Әл-Хелаифиге УЕФА Атқарушы комитетінің мүшесі және «Пари Сен-Жермен» клубының акционері ретінде футболды насихаттауға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның Халықаралық падел федерациясымен ынтымақтастығын кеңейту елдегі падел спортының дамуына және танымалдылығының артуына оң ықпал ететініне сенім білдірді.
