13 қыр, 2022 сағат 13:40

Тоқаевтың реформаларын қолдау қозғалысы немен айналысады?


Бүгін Алматы қаласында құрылған «Тоқаевтың реформалары үшін» жалпыреспубликалық қозғалысы немен айналысатынын ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек баяндап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қоғамдық қозғалысты құру жөніндегі бастаманы белгілі қоғам және саяси қайраткерлер, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым мен бизнес-қоғамдастық өкілдері, мәдениет және спорт қайраткерлері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың көшбасшылары көтерді. Солардың бірі – ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек.

Бірлестік құрудың басты идеясы - Мемлекет басшысының реформаларын қоғамдық қолдау мен оларды іске асыруға қажетті жағдай жасау.

"Ел тағдыры мен болашағы бәйгеге түскен шақта ел тілеуін тілеген ниеттестер бәріміз бір ұйымға жиналып отырмыз. Бүгіннен бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын қолдау ұйымы құрылды. Бұл ұйым қоғамдық қозғалыс, ешқандай заңдық тұлға ретінде тіркелмейді. Тұрақтылықты, жарқын болашақты қолдайтын басқа да азаматтар жақын арада қатарымызға қосылады деген ойдамыз", – деді Ақберен Елгезек.

Қозғалыс құрамында Мереке Құлкенов, Райымбек Баталов, Ақберен Елгезек, Сергей Пономарев, Бекнұр Қисықов, Дәурен Қуат, Дәулеткерей Кәпұлы, Әділ Ахметов, Назгүл Қарабалина, Марат Шибұтов секілді бизнес, мәдениет және өнер, спорт және басқа да әртүрлі саладан жиналған азаматтар бар.  

"Көбісін ел таниды. Әрқайсының өз берік позициясы, таным-түсінігі, өмірлік тәжірибесі, айтар пікірі бар. Сол себептен ешкім ешкімді күштемеді. Өзінің шешімі негізінде осы қозғалысқа жиналып отыр. Жолдауда сайлау туралы айтылғалы қоғамда әртүрлі пікір жүріп жатыр. Демократиялық және оппозициялық күштердің бірігуі өте дұрыс нәрсе деп есептеймін. Олардың таңдауын біз құрметтейміз, өйткені ашық, тең саяси дода болуы керек", – деді қозғалыстың мүшесі.

Ол шараға қатысушылардың ең алдымен Президенттің бастап жатқан, жүргізіп жатқан және жүргізуге тиіс реформаларын қолдап отырғанын айтып, қоғамның барлық ақылды адамдарын да қолдауға шақырды.  

"Біз тұрақтылықты қолдауымыз керек. Бейбіт өмірдің жеңістері өте көп болады. Шынымен де таразының екі басында эмоция мен ақыл тұр, сондықтан біз ақылды таңдадық. Бізде ғана емес әлемдік экономикада жағдай өте күрделі. Әлемде, біздің маңайымызда геосаяси ахуал өте қиын. Тәуелсіздіктің өткен отыз жылында жасалмаған саяси реформаларды атқару сияқты ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Оны түсініп, қоғаммен келісе отырып әділетті, ашық әрі таза жасағысы келіп отырған бір адам бар. Ол – біздің президентіміз Тоқаев", – деді Ақберен Елгезек.

Қозғалыс реформаларды насихаттау, халықты қолдауға үгіттеу және президенттің жанына топтастыруды көздейді. Соған орай әртүрлі шаралар өтеді. Белсенді азаматтар әлеуметтік желілерде ақпарат таратып, сұхбат береді. Ақберен Елгезек өзгерістерді қалайтын, саяси реформаларды қолдайтын әр азамат қозғалысқа мүше бола алатынын атап өтті.  

"Көзі ашық азаматтар пікірлесу арқылы осында жиналдық. Тұрақтылықты, дамуды, ең бастысы үлкен саяси өзгерістерді қалаймыз. Болашақта көптеген шара өткізгіміз келеді. Ақпарат заманында барлық телекоммуникация құралдарын пайдала отырып халықты президенттің жанына топтасуға, реформаларын қолдауға шақырамыз. Қозғалыс сайлаудан кейін де жұмыс істейді. Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауда кандидатурасын ұсынады және жеңіп шығады деген үмітіміз бар. Жеңіп шыққан жағдайда реформаларын әр қарай қолдап, халық ішінде насихаттаймыз", – деді қозғалыстың мүшесі.