15 шіл, 2021 сағат 21:21

Токио-2020: Қазақстан қоржыны тағы бір жолдамамен толықты


Бүгін Қазақстан құрамасының қоржыны Токио Олимпиадасына тағы бір жолдамамен толығып, 97- ге жетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Теннистен Қазақстан құрамасының өкілі Зарина Дияс Олимпиада лицензиясының иегері болды. 

Бұл Халықаралық теннис федерациясы қалған квоталарды қайта бөлуді жүзеге асырғаннан кейін белгілі болды. Спортшының ITF лицензиясын Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық Комитеті растады.

Енді ол Токиода жекелей сында өнер көрсетеді.

Осылайша, алты қазақстандық жекелей сында бақ сынайды. Атап айтқанда, бұған дейін Александр Бублик, Юлия Путинцева, Елена Рыбакина, Ярослава Шведова, Михаил Кукушкин жолдама иеленген.

Жұптық сында Андрей Голубев пен Александр Бублик, сондай-ақ Елена Рыбакина мен Ярослава Шведова сынға түседі.

Еске салайық, Токио Олимпиадасына спортшыларды қабылдау 2021 жылғы 7 маусымдағы ATP және WTA рейтингтері негізінде жүзеге асырылды.

Әр елден қатысушылардың ең көп саны 12 адамнан аспауы керек (алты ер адам және алты әйел). 64 теннисші жеке, 32 жұп - жұптық, 16 жұп - аралас жұпта қатысады.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Қазақстан құрамасында спорттың 27 түрінен 96 лицензия жеңіп алғанын және олардың кімдер екенін жазған болатынбыз.

Айта кетейік, Олимпиада ойындары 23 шілде мен 9 тамыз аралығында Токио төрінде өтеді.