25 шіл, 2021 сағат 15:40

Токио-2020: үшінші теннисшіміз матчті жалғастырудан бас тартты


Жапония астанасы Токио қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қазақстандық теннисші Ярослава Шведова жарысты жалғастырудан бас тартты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жарыстың алғашқы сатысында ол австралиялық Айле Томляновичпен кездескен болатын. WTA рейтингісінде Я. Шведова 454-орында тұрса, қарсыласы 51-орынға жайғасқан. 

Қазақстандық теннисші бірінші сетте қарсыласына 5:7 есебімен жеңілді. Екінші сетте 2:3 есебі тіркеліп тұрған мезетте қазақстандық спортшы жарысты жалғастырудан бас тартты. 

Осылайша, Ярослава Шведова Токиода Олимпиадасында матчін аяқтамаған үшінші қазақстандық теннисші болып отыр. Бұған дейін Зарина Дияс пен Юлия Путинцева да матчін аяқтамаған еді. 

Айта кетейік, қазақстандық Елена Рыбакина пен Михаил Кукушкин жекелей сында жарыстың бірінші сатысынан іркілмей өтті.