14 мау, 2023 сағат 22:10

Төреғали Төреәлі 20 тәулікке қамауға алынды

Фото: instagram.com/toregalitoreali

Әнші Төреғали Төреәлі 20 тәулікке қамауға алынды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өзге көлік құралдарына зақым келтіруге әкеп соққан есірткілік мас күйінде көлік құралын басқару фактісі бойынша азамат А.-ға қатысты әкімшілік іс қаралған.

"Сот 14 маусымда А. есірткілік мас күйінде көлік жүргізіп, патрульдік көлікке шабуыл жасағанын анықтады. Жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөліктер механикалық зақым алған.

Сот отырысында құқық бұзушы іс материалдарында баяндалған фактілерді растады және өз ісіне өкініш білдірді.

Сот қаулысымен А. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 3-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оған қатысты 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 20 тәулік мерзімге қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза қолданылды" - делінген Алматы соттарының ресми парақшасындағы хабарламада.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.