15 сәу, 2020 сағат 14:04

Төтенше жағдай режимінде операторлар трафикті бақылауда ұстайды

Beeline трафиктің қаншалықты қолданылып жатқанын бақылауда ұстайды. Бұл туралы Орталық комуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Beeline Қазақстанның бас атқарушы директоры Евгений Настрадин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Төтенше жағдай режимі енгізілген кезден бастап жалпы алғанда жүктеме 10% өсті. Бұл айтарлықтай шектен тыс жүктеме деп айтуға келмейді. Үй жағдайындағы Beeline қызметіне қатысты жүктеме айтарлықтай жоғары. Орналасқан аудан, локациясына байланысты жүктеме ең көп дегенде 30% өсті. Сондай-ақ, трафикті анықтау картасы да айтарлықтай өзгеріп кетті. Карантин режимі енгеннен кейін адамдар үйде отырғандықтан, интернетке үй жағдайында тіркелуде. Сондықтан үйден тіркелген трафикте айтарлықтай өсім бар. Қала сыртындағы ауылдар сияқты интернетке үйден қосылуға мүмкіндігі жоқ жерлерде мобильді желіге түсетін жүктеме көп», - дейді Beeline Қазақстанның бас атқарушы директоры Евгений Настрадин. 

Ол осындай жағдайға дайындық ертерек басталғанын айтты.

«Қаңтар айында Қытайда эпидемия тарала бастаған кезде қытайлық тасымалдаушылар қандай жағдай болып жатқаны туралы ақпаратпен бөліскен болатын. Сондықтан кейбір шараны қаңтар, ақпан айында қабылдап қойдық. Біз тірек желі, мобильді желі және тасымалдау арналарының көлемін кеңейте бастадық. Қазіргі уақытта дайындап қойған резерв жетеді. Beeline-ға қатысты апатты жағдай тіркелген жоқ. Трафиктің қаншалықты қолданылып жатқанын бақылауда ұстаймыз және артық жүктеме болдырмауға күш саламыз», - дейді ол.

Сонымен қатар ол Beeline 2020 жылға жоспарланған желіні жаңғырту, арналарды кеңейту және апатты жағдайларды қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатқандығын айтты. 

«Жалпы алғанда еліміздегі барлық операторлармен бірігіп, мыңнан астам елді мекенді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлаған болатынбыз. Мысалы, Beeline биыл қосымша 76 елді мекенді интернетке қосты», - дейді Beeline Қазақстанның бас атқарушы директоры Евгений Настрадин. 

Ол желімен қамту – дағдарысқа қарсы шараларға қосқан жалғыз үлес емес екенін жеткізді. 

«Біз төтенше жағдай кезінде білім беру ресурстары үшін интернеттің тегін қолжетімді болуын қамтамасыз еттік. Beeline 16 мың дәрігерді лимитсіз интернетпен қамтамасыз етті. Зейнеткерлер мен мүгедектер, басқаша айтқанда әлеуметтік тарифтегі 100 мыңнан астам тұтынушыға тегін қызмет ұсынылды», - дейді ол.