
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова коронавирус инфекциясының таралу қаупі аясында еліміздегі мейрамханалар мен ойын-сауық орталықтары қалай жұмыс істейтінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жедел әрекет ету штабында айтылған кеңестерді тыңдап, ұсыныстарды жүзеге асыру мақсатында бас санитарлық дәрігердің кеңесі бойынша адамдар көп жиналатын шаралардан бас тарта тұрған жөн. Қандай жағдай болмасын санитарлық-дезинфекциялық шаралар орындалып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек», - деді министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар, Ақтоты Райымқұлова түнгі клубтарда да шараларды өткізуге тыйым салынатынын жеткізді.
«Жоғарыда аталған ұсыныстар негізінде 13 наурызда халық көп жиналатын бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынды. Айтылып отырған ұйымдар, түнгі клубтар – бұл регламентке кіреді. Сол себепті мұндай мекемелерде шараларды өткізуге тыйым салынғанын атап өткім келеді», - деді ол.
Еске сала кетсек, 14 наурызда елордада өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда екі адамның коронавирус жұқтырғанын жеткізген еді. Көп уақыт өтпей Милан қаласынан Нұр-Сұлтанға келген тағы бір қазақстандықтан коронавирус инфекциясы табылды.
Кейін Германиядан ұшып келген Қазақстан азаматынан коронавирус анықталды.
Ал бүгін тағы екі азаматтың осы дертті жұқтырғаны белгілі болды. Осылайша бұл дертке шалдыққандар саны 6 адамға жетіп отыр.
