27 шіл, 2023 сағат 13:31

Түркістан облысында күдіктілерді азаптаған алты полицейге үкім шықты

© AP Photo / Jean-Francois Badias

Түркістан қалалық сотында 6 полиция қызметкеріне қатысты азаптау және заңсыз ұстау фактілері бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Түркістан соттары ресми парақшасының мәліметінше, аудандық полиция бөлімінің 6 қызметкері, адамдар тобы болып, мал ұрлығына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағандығын мойындату, айғақтарды алу, қылмысты ашу бойынша көрсеткіштерін жасанды түрде көтеру мақсатында жәбірленушілер Д. мен О.-ға қорқыту және физикалық күш қолданумен мәжбүрлеу арқылы тән зардабы мен психикалық зардап келтіріп, азаптаулар жасап, полиция бөлімінде заңсыз ұстаған.

"Прокурор тағылған айыпты қолдап, сотталушыларды кінәлі деп тануды, түпкілікті негізгі жаза ретінде әрқайсысына 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Ал жәбірленушілер сотталушы Ш.-ға ғана кешірім беретіндігін, қалған сотталушыларға прокурор сұраған жазасын тағайындауды сұрады.

Өз кезегінде сотталушылар және адвокаттар сотталушылардың кінәлі емес екендерін айтып ақтауды өтінді" - делінген хабарламада.

Сот жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайларға жәбірленушілердің сотталушы Ш.-ға кешірім бергенін, Ш. мен А.-ның қылмыс жасауда белсенді рөл атқармағанын және барлық сотталушының бұрын сотты болмағынын, ал ауырлататын мән-жайға берген анттарының бұзулуын жатқызды.

"Сот үкімімен барлық 6 сотталушы ҚК-нің 146-бабы 2-бөлігінің 1), 2) тармақтарында және 414-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Қ., Е., А., У.-ға арнаулы атақтарынан және құқық қорғау органдарында 3 жыл қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ш. мен А.-ға арнаулы атақтарынан және құқық қорғау органдарында 3 жыл қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу тағайындалды" - делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.