13 қыр, 2016 сағат 08:52

Түркияның Ван шаһарындағы жарылыстан 48 адам жараланды

Түркияның Ван шаһарында жарылыстан жараланғандар саны 48-ге жетті. Екі адамның жағдайы өте ауыр деп бағалануда. Осыған дейін 11 адамның жарақат алғаны хабарланған. Жарылыс дүйсенбі күні таңертең орын алды.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, жарылғыш зат салынған көлік биліктің Әділет және даму партиясының аймақтық кеңсесінің жанында жарылған. Оқиға орын алған маңайда полиция бөлімшесі де орналасқан. Жарақат алғандардың ішінде екі полиция қызметкері де бар.

Әзіге терактінің артында кім тұрғаны белгісіз. Бірер күн бұрын Түркия билігі күрдтер орналасқан 28 ауданның басшылығын қызметтерінен алған. Жұмыстан қуылған шенеуніктер Күрдістан жұмысшылар партиясымен байланысы бар деп айыпталды. Аталған партияны Анкара мен бірқатар Батыс елдері террористік ұйым деп есептейді.

Бұл өзгерістер күрд халқының наразылығын туғызған.

Соңғы айларда Түркияның оңтүстік-шығысында жарылыстар жиі орын алуда. Ел билігі жарылыстарды Күрдістан жұмысшылар партиясы жасап отыр деп санайды.

centralasian.org