27 ақп, 2024 сағат 16:54

Үкімет Астана агломерациясын дамытудың кешенді жоспарын мақұлдады


Үкімет отырысында Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы мақұлданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "ҚазАқпарат" агенттігіне сілтеме жасап.

«Қалаға жақын маңдағы елді-мекендерде халық санының күрт өсуі мен елордаға күнделікті келіп-кететін адамдардың легі агломерацияның негізгі проблемалары болып табылады. Бұл Астана қаласының инфрақұрылымы мен экологиясына және қауіпсіздігіне түсетін жүктемені едәуір арттырады. Адамдар елордаға жақын маңда тұрғысы келеді. Оны түсінуге болады. Алайда, мұндай көші-қон еңбек нарығына әсерін тигізеді, облыста жұмыссыздықтың өсуіне ықпал етеді. Сондықтан, аталған проблемаларды шешу үшін ауқымды жұмыс жасауға тура келеді. Ұсынылып отырған кешенді жоспар осы бағыттағы негізгі бағдарламалық құжат болады», — деді Премьер-Министр Олжас Бектенов аталған жобаны талқылау барысында. 


Оның айтуынша, қала маңындағы ауылдардың сумен қамтамасыз ету, су бұру, электрмен жабдықтау, жолдардың жай-күйі сияқты өздерінің проблемалары да баршылық.

«Бұл ретте Жоспарды іске асыру осындай өзекті проблемалардың да шешімін табуға тиіс деп санаймын. Сонымен қатар, елорда іргесіндегі ауылдарда тұрақты жұмыс орындарын ашу қажет. Астана қаласы агломерацияның өзегі ретінде іргелес жатқан аумақтардың орнықты дамуына негіз болады. Бұл елорда мен оған жақын маңдағы елді мекендердің тұрмыс деңгейінің арасындағы теңгерімсіздікті азайтуға мүмкіндік береді», — деді Үкімет басшысы.


Премьер-Министрдің сөзіне қарағанда, кешенді жоспарды іске асыру кезінде көлік-коммуникация, сауда-логистика, инженерлік-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымның біртұтас кешенін құру үшін инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасау керек. Агломерацияның негізгі мақсаты да осы болуға тиіс.

Сондай-ақ, 45 ауылдық елді мекеннің әрқайсысына өзіндік экономикалық ерекшелік беру қажет. 

«Сол кезде ауылдармен қатар, Астана қаласы да мал және өсімдік шаруашылығының, құрылыс индустриясының, сондай-ақ басқа да салалардың қажетті өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізе алады. Әлі күнге дейін елорда айналасында азық-түлік белдеуін құру мәселесі толығымен шешілген жоқ. Оны мойындау керек. Оны осы елді мекендерде жасауға болады. Жалпы, барлық іс-шараларды жауапты әрі сапалы іске асыру елорда мен қала маңындағы аймақтардың экономикалық даму тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», — деді ол. 


Осыдан кейін Үкімет басшысы әріптестерін ұсынылған жобаны мақұлдауға және тиісті қаулыға дауыс беруге шақырды. Осылайша, Үкімет мүшелері құжатты мақұлдады. 

«Ақмола облысы мен Астана қаласының әкімдіктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кешенді жоспардағы іс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Қаржы министрлігіне әкімдіктермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Жоспардың іс-шараларын уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырамы», — деді Олжас Бектенов.