04 қаз, 2020 сағат 08:36

Үкімет басшысы: Педагог – қоғамдағы аса маңызды, қастерлі мамандықтардың бірі

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қазақстандық ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Педагог – талмай тер төгуді талап ететін, қоғамдағы аса маңызды, қастерлі мамандықтардың бірі. Мұғалімнің ерен еңбегі ел болашағы – жас ұрпақтың адамгершілік құндылықтары мен мемлекеттің зияткерлік және экономикалық әлеуетінің қалыптасуына тікелей ықпалын тигізеді. 

Бүгінгідей күрделі кезеңде мұғалімдердің біздің қоғамның тыныс-тіршілігіндегі теңдессіз мәні мен ауқымды рөлі айқын көрініс беріп отыр. Әсіресе, қазіргі жағдайда ұстаздар қауымы ел келешегінің тізгінін ұстайтын өскелең ұрпақты зор ыждағаттылықпен білім нәрімен сусындатуды жалғастыра отырып, үлкен жауапкершілікті көтерудің және борышын адал өтеудің жоғарғы үлгісін көрсетіп, аз уақыт ішінде оқытудың жаңа форматына бейімделіп үлгерді.

Құрметті ұстаздар, елеулі еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Сіздерге мықты денсаулық, игілік пен табыс тілейміз!», - делінген құттықтау мәтінінде.

Айта кетсек, қазан айының алғашқы жексенбісінде Қазақстанда мұғалімдердің кәсіби мерекесі атап өтіледі.

Бұл атаулы күн 1965 жылы 29 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Бұйрығымен белгіленген. Бүгінгі таңда Қазақстан, Беларусь, Латвия және Украина Мұғалімдер күнін қазанның алғашқы жексенбісінде атап өтеді. Ал көршілес Өзбекстан – 1 қазанда, Қырғызстан, Әзербайжан, Ресей, Тәжікстан, Армения, Молдавия, Эстония және Литва – ұстаздар мерекесін 5 қазан күніне бекіткен.