29 нау, 2023 сағат 09:21

ҰҚК операциясы: есірткінің рекордтық партиясы тәркіленді

Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

Ұлттық қауіпсіздік комитеті психотроптық заттар өндіретін ірі есірткі лабораториясын жойды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Заңсыз айналымнан синтетикалық есірткінің рекордтық партиясы – 200 келі дайын өнім мен 15 тонна прекурсорлар және зертханалық құрал-жабдықтар тәркіленген.


"Зерделеу барысында жедел қызметкерлердің назарына Қазақстанға тыйым салынған заттардың ауқымды өндірісін ұйымдастыру және оны әрі қарай ТМД елдерінде іске асыру мақсатында келген шетелдік азамат ілікті.

Сондай-ақ, жедел іс-шараларды жалғастыру барысында Түркістан облысындағы жасырын өндіріс базасы анықталды.

Есірткі зертханасы заманауи құралдармен жабдықталып, 0.4 гектар аумақта орналасқан және қоршау бойымен бейне бақылау камералары мен қозғалыс сенсорлары қойылғанын атап өту қажет. Қаскүнем құпиялық шараларын қатаң сақтап келген.

Ұйымдастырушы «альфа-PVP» психотроптық затын әзірлеу сәтінде, яғни қолма-қол қылмыс үстінде ұсталды", - делінген хабарламада.

Аталған дерек бойынша ҰҚК сотқа дейінгі тергеу материалын тіркеді.