26 сәу, 2020 сағат 08:17

«Үлкен опера» тележобасының жеңімпазы Салтанат Ахметова онлайн концерт береді

«Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова 27 сәуір күні «Карантиндегі жұлдыз» жобасы аясында онлайн концерт береді, деп хабарлайды аталған театрдың баспасөз қызметі.

Ауқымды бағдарламаға жиырмадан астам туынды енген, әншінің сөзінше, олардың барлығы жанға жақын әрі сүйікті әндер. Салтанат Ахметова жеке концертінің дайындығына екі аптадай уақыт кеткендігін айтты.

Кеш шымылдығын қазақтың халық әндері «Ақбаян», «Дударай», «Дедім-ай ау» ашса, романс сүйер қауым үшін Н.Зубовтың «Не уходи, побудь со мною», «Жестокий романс» кинофильмінен А.Петровтың «А напоследок я скажу», «Любовь прекрасная страна», Б.Фоминнің «Только раз» және т.б. баршаның сүйікті әндері шырқалады. Шетелдік композиторлардың шығармашылығы O.Farres-тің «Quizas, Quizas, Quizas», T.Ferro-ның «Mi sono innamorato di te», A.C.Jobim-нің «The girl from Ipanema» және т.б. керемет композициялармен ұсынылған.

Атақты вокалиске ҚР Мемлекеттік Күзет Қызметі президенттік оркестрінің солистері, аспапшы-достары – республикалық байқаулардың лауреаты Жәнібек Сапаров (гитара) пен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры Сыйлығының лауреаты, өнер магистрі, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Жібек Сапарғалиева (флейта) қолдау көрсетпек. Олардың орындауында қазақтың халық әндері «Бір бала», «Япурай», сонымен қатар М.Петренконың «Вальс», «Берегись автомобиля» кинофильмінен А.Петровтың әуені, А.Пьяццолланың «Либертанго» шығармалары және т.б. шырқалмақ. 

Салтанат Ахметованың Италиядағы Вокалдық өнер академиясында (Accademia d’Arte Lirica, Озимо қ., 2009) машықтанудан өткенін атап өткен жөн. Әнші Винченцо Де Виво, Серджио Сегалини, Альберто Дзедда, Джанни Тангуччи, Кристина Мути, Райна Кабайванска, Лелла Куберли, Уильям Маттеуци, Сильвия Саш, Антонио Юварра, Стефано Демикели, Харриэт Лоусон, Карло Морганти сынды атақты маэстролардың шеберлік сабақтарынан тәлім алған.